Алтай таулары

Алтай -  солтүстік - батыстан  оңтүстік-шығысқа қарай Батыс Сібір ойпатынан Гобь шөліне дейін жан-жаққа таралған. Оңтүстіктегі табиғи шекарасы Қара Ертіс өзені мен Зайсан көлі, ал батыс бөлігі Сарыарқадан Қалба жотасы арқылы бөлінеді.

Солтүстік - шығыста Шығыс Алтайдың Шапшалы жотасы Батыс Саянмен жалғасады.

Алтай таулары 4 мемлекеттің шекараласқан территорияларында орналасқан: Қазақстан (Кенді Алтай — Шығыс Қазақстан облысы), Монғолия (Гобь Алтайы — Баян - Өлгей аймағы, Ховда аймағы, Алтай аймағы, Увс аймағы ),  Ресей (Алтай өлкесі, Алтай Республикасы), Қытай (Шыңжаң-Ұйғыр өлкесінің, Алтай аймағы).

Алтайдың өзіне тән географиялық ерекшеліктері бар. Оның жоталары мен қыраттарының биіктігі, сондай-ақ олардың бағыттары жер бедеріне ерекше сипат береді.

Алтайдың ең биік және қатты тілімденген жоталары Қатын, Оңтүстік және Солтүстік Шуй, Оңтүстік Алтай, Сарымсақты, Сайлүгім, Чихачев, т.б. Олардың орташа биіктігі -3000 м-ден асады. Мұнда альпі типтес жер бедері басым.

Тау беткейлері өте тік, құзды, шыңды, шатқалды, жартасты келеді. Тау жүйесінің ең биік шыңы - Мұзтау (Ақсүмбі, Ақтайқы)(4506 м). Осы тұстан бастап таулар жан-жаққа қарай біртіндеп аласарады.

Орташа биіктігі - 1500-2000 м таулардың үсті жадағай, тегіс, тек кей жерлері ғана дөңес, ал беткейлері тік келеді (мыс., Шабанбай таулары, Қоржынтау (Холзун), Тегерек (Тигарец), Үлбі жотасы, Ануй жотасы, т.б.).

Орталық және Оңтүстік Алтайдың басты жоталары мен тау тізбектері, негізінен, ендік бағытта, ал Батыс және Солтүстік тау жоталары оңтүстік-шығыстан солтүстік - батысқа қарай, кейбірі  бойлық бағытта созылған.

Алтай тауларына ұзын, кейде кең дала деп аталатын тектоникалық  ойыстар (Шуй, Құрай, Ойман, Абай даласы, Нарын даласы) мен үстіртті жазықтар тән (Үкөк, Ұлаған, Чулышман, Жайдақ, т.б.). Олар ел қоныстанып, мал жаюға өте қолайлы.

Звезда не активнаЗвезда не активнаЗвезда не активнаЗвезда не активнаЗвезда не активна